USD 0.46
455.86
EUR 1.85
528.84
RUB 0.00
5.25
CNY 0.09
67.84
Блог Политика

Құрылтайға кімдер келеді? Президенттің басты талаптары

site_35
Фото: Ait Media

Азамат Битан арнайы Ait Media үшін Құрылтай сайлауынан кейінгі жаңа саяси кезеңге тоқталып, жаңа құрамның алдында тұрған міндеттер туралы айтып берді. Сондай-ақ ол Құрылтайға кімдер келуі керек, депутаттарға қандай талап қойылуы тиіс және жаңа саяси институттың халыққа қаншалықты жақын болуы керектігін талдады.

Құрылтай сайлауы аяқталды. Сайлаудың қорытындысы жарияланып, еліміздің саяси өміріндегі жаңа кезең басталды. Енді басты назар - жаңа Құрылтайдың қалай жұмыс істейтінінде, оның құрамына кімдер келетінінде.

Сайлау күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беріп, артынша журналистердің сұрақтарына жауап берді. Брифинг барысында Мемлекет басшысы Президент сайлауынан бастап Үкіметтің болашағы, Вице-Президент, Құрылтай, жастар мен жасанды интеллектке дейінгі сан түрлі сұраққа жауап берді. Өзіне тікелей қатысты сұрақтардан да айналып өткен жоқ.

Меніңше кешегі әңгіменің ең маңызды бөлігі - Құрылтай туралы айтылған ойлар.

Қазақстан жаңа саяси кезеңге қадам басты. Жаңа Конституция қабылданды. Алғаш рет бір палаталы Құрылтай сайланды. Үкімет қайта жасақталады. Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастайды. Вице-Президент институты іске қосылады. Бір сөзбен айтқанда, елдегі саяси жүйе үлкен өзгерістен өтіп жатыр.

Президенттің “бүгінгі сайлау - осы жұмыстың бастауы ғана” деген сөзіне ерекше назар аударған жөн. Өйткені сайлаумен бәрі аяқталған жоқ. Негізгі жұмыс енді басталады.

Құрылтайға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Президент депутаттарға қойылатын талаптарды да қарапайым әрі нақты айтты: сапалы заң қабылдау, сайлауда берген уәдесін орындау және елдің дамуына ықпал ететін шешімдер қабылдау. Меніңше, осы жерде тағы бір маңызды мәселе бар.

Партиялар өздерінің Құрылтайдағы тізімдерін жасақтайды. Бірақ “неше адам келеді?” деген сұрақтан бұрын, “Құрылтайға кімдер келеді?” деген сұрақ маңызды болуы керек.

Елдің жағдайын білетін адамдар керек. Ауылдың тіршілігін, өңірлердегі кәсіпкердің мәселесін, мұғалім мен дәрігердің жағдайын, өндірістегі жұмысшының еңбегін сырттай емес, ішінен білетін азаматтар қажет.

Президенттің тезистеріне үңілсек, Құрылтай тек Астананың адамдары жиналатын орынға айналмауы керек. Қазақстан тек Астанамен шектелмейді. Маңғыстаудың да, Торғайдың да, Алтайдың да, Жетісудың да, Сырдың да, Арқаның да өз мәселесі бар. Сондықтан өңірлерден шыққан, сол жердің жағдайын жақсы білетін, ақсақалдары мен жастарын танитын азаматтардың дауысы Құрылтайда естілуі маңызды.

Осы ретте жас шамасы да өзекті. Президент жастарға сенім арту керек екенін айтты, сонымен бірге жауапкершіліктің де үлкен екенін ескертті. Сондықтан Құрылтайда жастардың жаңа ойы мен тәжірибелі азаматтардың білімі қатар жүруі керек. Бір буынды екіншісіне қарсы қоюдың қажеті жоқ.

Тағы бір мәселе - депутаттың мінезі. Бізге мінберге шығып айқайлай алатын адамдардан бұрын, басқа шаруаның бәрін ысырып қойып, көптің қамы үшін, жоғары жақпен де, елмен де мәмілеге келіп жұмыс істей алатын адамдар керек. Себебі басқа басқа, Құрылтай мандатының сұрауы ертең жеңіл тимейді. Бұл партиялар үшін өте маңызды. Осы жолы қатарынан екі партияның іліге алмай қалғанын ескерсек, келесі кезектегі сайлаудың жүгі ауыр болмақ. Заңды оқитын, ұсыныс дайындайтын, бір мәселенің соңына түсіп, нәтижеге дейін жеткізетін депутаттар қажет.

Сонымен қатар жаңа мандат иелері халыққа ашық болуы керек. Базарға барудан қорықпайтын, ауылдағы ағайынмен еркін сөйлесетін, зауытқа кіріп жұмысшымен кездесетін, кәсіпкердің алдына барып мәселесін тыңдайтын адамдар керек. Камера қосылғанда ғана халықшыл болып көріну жеткіліксіз. Депутат қарапайым адамның көзіне қарап, оның сұрағына жауап бере алуы тиіс.

Әрине саясатқа жаңа адамдар мен жаңа идеялардың келіп жатқаны қуантады. Президент те осы сайлау науқанында жаңа тұлғалар шыққанын, мазмұнды пікірталастар болғанын атап өтті. Енді сол жаңару Құрылтайдың құрамынан да, жұмысынан да көрінуі тиіс.

Құрылтайдың тарихи маңызы оның алғаш рет сайланғанында ғана емес. Нағыз маңызы - оның ертең қалай жұмыс істейтінінде. Халыққа жақын, уәдесіне берік, кәсіби, еңбекқор адамдар келіп, елдің мәселесін сапалы заңға айналдыра алса, Құрылтай шынымен Қазақстанның дамуына жаңа серпін береді.

Дебаттар аяқталды. Сайлау өтті. Үлкен жұмыс енді басталды.

Поделиться