USD 0.46
455.86
EUR 1.85
528.84
RUB 0.00
5.25
CNY 0.09
67.84
Блог Новости

“Харам” заң емес: Зайырлы қоғамның шекарасы қайда?

site_35
Фото: Ait Media

Жетісайдағы тойда болған оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Тойда ер мен әйелдің бірге отыруын «харам» деп айтқан қарияның әрекеті қоғамда түрлі пікір тудырды. Бір тарап оны қолдаса, енді бірі жеке діни көзқарасты көпшілікке ортақ ереже ретінде ұсынуға болмайтынын айтып отыр.

Осы мәселеге байланысты Азамат Битан Ait Media-ға пікір білдіріп, әдеп, қоғамдық мәдениет және діни ұстанымның ара-жігін ажырату не үшін маңызды екенін түсіндірді.

Соңғы күндері тойда ер мен әйелдің бірге отыруын “харам” деп айтқан қарияны жақтаушылар көбейді. Тіпті “тойда әдепсіз билеген әншілерге неге шара қолданбайды?” деген салыстыру айтылып жүр. Бірақ бұл екі жағдайды бір таразыға салуға болмайды. Бірі - әдеп, тәрбие, мәдениет мәселесі, екіншісі - жеке діни түсінікті көпшілікке ортақ норма ретінде ұсыну мәселесі.

Әр адам өз сеніміне сай өмір сүруге ерікті. “Менің діни ұстанымым бойынша бұлай жасауға болмайды, сондықтан мен жасамаймын” деу - адамның жеке таңдауы. Бірақ “сен де бұлай жасамауың керек, ол харам” деп көпшілікке діни үкім айту - басқа мәселе. Бүгін біреу ер мен әйелдің бірге отыруын харам десе, ертең екінші біреу қыздарыңның бетін жабыңдар деуі мүмкін, арғы күні үшіншісі Әнұранды айтудың қажеті жоқ деген түсінікті насихаттауы мүмкін. Әркім өз діни түсінігін қоғамға тықпалай берсе, ортақ құндылықтарымыз әлсіреп, қоғам жіктеле бастайды.

Зайырлылық - дінге қарсы ұғым емес. Керісінше, ол діндар адамның да, дін ұстанбайтын адамның да еркіндігін қорғайды. Діндегі “күнә” мен мемлекеттегі “заң бұзушылық” та бір ұғым емес. Діни тұрғыдан дұрыс емес саналатын нәрсенің бәрі заңмен тыйым салынбайды. Сондықтан зайырлы мемлекетте баршаға ортақ тәртіп бір адамның діни түсінігімен емес, заңмен белгіленеді.

“Қария ғой” деген уәж де айтылып жатыр. Қазақ үшін үлкенге құрмет - тәрбие. Бірақ үлкенді сыйлау заң алдындағы жауапкершілікті жоққа шығармайды. Заң кәріге де, жасқа да ортақ. Баласы бар әйел де, отбасы асырап отырған азамат та заң бұзса, жауап береді. Жас пен әлеуметтік жағдай заңнан жоғары тұрмауы керек.

Сондықтан әншінің әдепсіздігін сынайық, қоғамдық мәдениетке де талап қояйық. Бірақ оны діни көзқарасты бүкіл қоғамға ортақ ереже ретінде ұсынумен теңестірмейік. Әдепсіздікке де қарсымыз, дінге де құрметпен қараймыз. Бірақ сенім - адамның жеке құқығы, ал баршаға ортақ тәртіп - заңмен белгіленеді. Осы екеуінің шекарасын сақтау - зайырлылықтың ғана емес, қоғам бірлігінің де кепілі.

Поделиться