Будапештте Димаштың қатысуымен «Үш икона» атты концерт өтті
2026 жылғы 18 сәуірде Будапешт қаласындағы MVM Dome аренасында Димаш Құдайберген мен Пласидо Домингоның қатысуымен «Үш икона» атты ерекше концерт өтті. Бұл кеште опера мен рок, романс пен фолк, сондай-ақ түрлі музыкалық аспаптар мен ұрпақтар бір сахнада тоғысып, көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады.
Кештің басты жұлдыздары – әлемге әйгілі испан опера әншісі Пласидо Доминго мен қазақстандық әнші Димаш Құдайберген болды. Денсаулығына байланысты сахнаға шыға алмаған виолончелист Хаузер көрермендерге бейнежазбалар арқылы өнерін ұсынып, онлайн түрде сәлем жолдады.

Пласидо Доминго кеш барысында классикалық опера арияларын, испан сарсуэласын және танымал бродвейлік мюзиклдерден әндер орындап, көрермендерді романтикалық көңіл күйге бөледі.
Ал Димаш Құдайберген әртүрлі стильдегі шығармаларды орындап, қазақ тіліндегі «Махаббат бер маған», «Ұмытылмас күн» сияқты әндерімен бірге халық әні «Дүрдаразды» жаңа қырынан ұсынды. Сондай-ақ ол Игорь Крутой шығармасы «Stranger» әнін қобыз сүйемелдеуімен орындап, ұлттық әуенді әлемдік музыкамен үйлестірді.


Кештің ерекше сәттерінің бірі – Димаштың Show Must Go On әнін әсерлі моноспектакль ретінде орындауы болды. Ал Димаш пен Пласидо Доминго бірге шырқаған O Sole Mio дуэті көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Концертте жас әрі дарынды музыканттар да өнер көрсетті. Венгриялық виолончелист Бенце Банкови мен пианист Сома Балаж-Пири классикалық және заманауи туындыларды орындап, кештің көркін аша түсті.
Сонымен қатар, украин-америкалық сопрано Елена Дудочкина және әнші Виктория Булеева қатысып, көрермендерге әсерлі дуэттер сыйлады. Әсіресе, «Phantom of the Opera» мюзиклінен орындалған дуэт кештің шарықтау шегіне айналды.
Концерттің финалында барлық әртістер бірігіп Besame Mucho әнін орындап, музыка арқылы бірлік пен үйлесімділікті паш етті.
Бұл кеш – әртүрлі мәдениеттер мен жанрлардың бір сахнада тоғысқан, музыка шекара танымайтынын дәлелдеген ерекше өнер мерекесі болды.